Алматыда ЖИ бойынша халықаралық олимпиада 16 елдің оқушыларын біріктірді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мектеп оқушылары арасында жасанды интеллект бойынша үшінші халықаралық FAIO 2026 олимпиадасы аяқталды.

Алматыда ЖИ бойынша халықаралық олимпиада 16 елдің оқушыларын біріктірді
Фото: Kazinform

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы жарысқа қызығушылық бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Іріктеу кезеңіне 28 елден шамамен 1500 оқушы қатысып, 16 мемлекеттен 47 команда Алматы қаласында өткен финалға жолдама алды. Қатысушылар үш күн бойы машинамен оқыту, деректерді талдау және бағдарламалау бағыттары бойынша заманауи IT-индустрияның нақты міндеттеріне негізделген практикалық тапсырмаларды орындады. Олимпиаданың жүлде қоры 11 миллион теңге болды.

Бастама жастардың инженерлік ойлауға, зерттеу дағдыларын және озық технологияларға қызығушылығын дамытуға бағытталған. Тапсырмаларды жасанды интеллект саласындағы тәжірибелі мамандар мен зерттеушілер әзірлейді, ал нәтиже тиімділік мен сапасы бойынша бағаланады.

FAIO кейінгі жылдары жасанды интеллект саласындағы болашақ мамандарды ерте анықтауға және қолдауға арналған тиімді алаңға айналды. Оның негізін қалаушылар — танымал ЖИ саласының сарапшылары Қуаныш Өтеу мен Әділхан Тоқтағанов.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық оқушылар Грекияда өткен халықаралық олимпиадада жеңіске жетті.