Алматыда жыл басынан бері 105 ағаш құлады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарына байланысты түсініктеме берілді.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасында «Алматыда неге ағаштар құлап жатыр» деген сұраққа жауап берді.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері қалада 105 ағаш құлап, 7 ірі бұтақ сынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан. Басқарма өкілдерінің айтуынша, сыртынан сау әрі жасыл болып көрінгенімен, діңі шіріп, тамыр жүйесі әлсіреген болуы мүмкін. Сондықтан қалада қауіпті ағаштарды анықтау және санитарлық мақсатта кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Ағаш кесуге кейде тұрғындар қарсы болып жатады. Себебі сыртынан сау болып көрінеді. Алайда мамандар келіп қарағаннан кейін ол ағаштың адам өміріне қауіп төндіріп тұрғаны анықталады. Ал қауіптің алдын алу, оның салдарымен күрескеннен гөрі маңызды, — дейді ведомство өкілдері.
Еске салайық, Павлодарда көлігін ағаш басып қалған жүргізуші әкімдіктен 4 млн теңге өндіріп алды.