Алматыда жыл басынан бері 12 мың адам менингит қаупіне тексерілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда менингококк инфекциясын жұқтырғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда кішкене артқан. Бұл туралы Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Департамент басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, 2024 жылдың басынан бері Алматы қаласында зертханалық нақтыланған менингококк инфекциясының 8 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3 жағдай және ересектер арасында 5 жағдай. 2023 жылдың осы кезеңінде менингококктық инфекциясының 7 жағдайы тіркелген еді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 жағдай.
— Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша менингококк инфекциясының ошақтарында науқаспен байланыста болған 269 адам тексерілді, олардың ішінде бактерия тасымалдаушылар анықталмады. Алдын алу мақсатында менингококк инфекциясына 11194 адам тексерілді, оның ішінде жабық мекемелерге қабылдау кезінде 5553 адам және «қауіп тобындағы» 5641 адам, олардың арасында инфекция тасымалдаушылар анықталған жоқ, — деді Әсел Қалықова.
Еске салайық, бұған дейін БҚО-да вирустық менингитпен ауруханаға жүгінушілер саны 3,7 есеге артқанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда 5 мыңға жуық қыз АПВ-ға қарсы вакцина алғанын жазған едік.