Алматыда жыл басынан бері қанша жол ережесі бұзылғаны анықталды
Алматыда жыл басынан бері 1 млн 866 мың 741 жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шумаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Көлікті мас күйінде басқарған 1 843 жүргізуші ұсталды. Сот 2 443 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды. 1 754 көлік жүргізушісі әкімшілік қамауға алынды. Естеріңізге сала кетейін, заңда көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жаза қатайтылды. Бірінші рет болса көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі - 7 жыл. Сонымен қатар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған», - деді Серік Шумаев.
Сонымен қатар, Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше қала жолдарында жыл басынан бері 3 195 жол апаты тіркеліп, салдарынан 3 415 адам зардап шегіп, 94 адам қаза тапқан.