Алматыда жыл басынан бері үшінші үшем дүниеге келді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2026 жылғы 7 мамырда Алматының № 2 қалалық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Бұған дейін ерлі-зайыпты екі бала тәрбиелеп отырған.

алматылық үшем
Фото: Видеодан скрин

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбилер жүктіліктің 35-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Жаңа туған үш қыздың салмағы 1399, 1694 және 1677 грамм болған.

— Туғаннан кейін қыздар жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде болып, үш күн бойы қажетті медициналық көмек пен СИПАП аппараты арқылы тыныс алды, — деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта балалар анасымен бірге бір палатаға ауыстырылған. Дәрігерлердің айтуынша, сәбилердің жағдайы тұрақты әрі олар мамандардың бақылауында.

Айта кетейік, бұл — биыл № 2 қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген алғашқы үшем. Бұған дейін орталықта 41 егіз жарық дүние есігін ашқан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 39 жастағы әйел үшем босанып, бірден көпбалалы ана атанғанын жазған едік.