Алматыда 39 жастағы әйел үшем босанып, бірден көпбалалы ана атанды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы перинаталдық орталығында үшем сәби өмірге келді. 39 жастағы алматылық әйел бірден алты баланың анасы атанды. Бұған дейін оның отбасында үш бала болған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүктілік табиғи жолмен, қосалқы репродуктивті технология қолданылмай-ақ жүзеге асқан. Мұндай жағдай акушерлік тәжірибеде сирек кездеседі екен.
Босану жүктіліктің 32 апта екі күнінде шұғыл түрде кесар тілігі арқылы өтті. Түнгі сағат үш шамасында акушер-гинекологтар, анестезиологтар және неонатологтардан құралған көпсалалы медициналық команда жедел түрде жұмылдырылды.
Салмағы 1 840 грамм, бойы 42 см ұл бала, салмағы 1 680 грамм, бойы 43 см тағы бір ұл бала, салмағы 1 620 грамм, бойы 40 см қыз бала дүниеге келді. Ұл балаларға Заңғар мен Айбар, қыз балаға Әсел деген есім қойылды.
Орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ерболатованың айтуынша, шала туған сәбилер өмірінің алғашқы минутынан бастап қарқынды бақылауға алынып, арнайы ем қабылдады және аппарат арқылы тыныс алуға қолдау көрсетілді.
– Үшемге жеке күтім бекеті бөлініп, сәбилер тәулік бойы дәрігерлердің бақылауына алынған. Қазіргі таңда балалар салмақ қосып келеді, жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Алдағы уақытта ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда былтыр 40 846 нәресте өмірге келгенін жазғанбыз. Соның ішінде 300-ге жуық егіз, ал үш отбасыда үшем дүниеге келді.