Алматыда жыл басынан бері заңсыз салынған 52 нысан бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда заңсыз құрылыс нысандарына бақылау күшейтілді.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, құрылыс басталған сәттен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезең бақылауда болады.
Жыл басынан бері Алматыда заңсыз салынған 52 нысан толық немесе ішінара бұзылған.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуіне байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау тетіктері де өзгерді.
Бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жеңілдетілген тәртіп қолданылып, мұндай нысандар басқа құрылыс нысандары секілді толық бақыланбайтын. Жаңа заңнама бұл талаптарды өзгертті. Енді рұқсат беру рәсімдеріне, құрылыс алдындағы және жобалық дайындыққа қойылатын талаптар жаңартылды.
- Жер телімінің болуы онда кез келген мақсаттағы немесе кез келген параметрдегі нысанды салуға автоматты түрде құқық бермейді. Құрылыс жер телімінің нысаналы мақсатына, қала құрылысы регламенттеріне және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс, – деді Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері.
Еске салсақ, Алматыда заңсыз салынған автокөлік жуу орны бұзылған еді.