Алматыда жылу құбыры жарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда гидравликалық желілерді жоспарлы сынақтан өткізу кезінде қаладағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінің маңында жылу құбыры жарылды. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, бүгін таңғы сағат 5:30 шамасында қалада жылу желілерінің жоспарлы гидравликалық сынақтары кезінде Райымбек даңғылы мен Механикалық көшесі қиылысына жақын жерден өтетін магистральдық құбыр учаскелерінің бірінде құбыр жарылды.
«Диаметрі 700 мм құбыр жарылғаннан кейін «Алматы жылу желілері» ЖШС жедел тобы шұғыл түрде жарылыс болған жерді анықтап, зақымданған жерді жөндеуге кірісті. Алдын ала болжам бойынша, оның себебі – 1966 жылы пайдалануға берілген құбырдың тозуы», - деп хабарлады компаниядан.
Бұған дейін 17-28 маусым аралығында Алматы қаласының сегіз ауданының аумағында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізілгені туралы жазған едік.