Алматыда жол апатынан 6 адам зардап шекті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Түнде Алматыда Медеуге барар жолда екі көлік соқтығысып, алты адам зардап шекті.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
— Кia көлігінің жүргізушісі Керей-Жәнібек Хандар көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, сол көшемен солтүстік бағытта жүріп бара жатқан Toyota Mark 2 көлігімен соқтығысқан, екі көліктің жүргізушісі мен Toyota Mark 2-нің үш жолаушысы және Kia көлігінің бір жолаушысы зардап шекті, — деп хабарлады Алматы полициясының баспасөз қызметі.
Алматының Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтауға кірісті.
Осыған дейін Алматының Жетісу ауданында көлік электр бағанына соқтығысып, жүргізуші мерт болғаны туралы жазған едік.