Алматыда ЖРВИ-мен ауырғандардың 64,5 пайызы — балалар

Қырғызстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны артты
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Алматыда жедел респираторлық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өткен аптада ЖРВИ, тұмау ауруларының 43 501 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 1,8 есеге жоғары (22 323 жағдай) және алдыңғы аптаның көрсеткішінен 3,7%-ға төмен (45 170 жағдай). Бұл туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Дәрігердің сөзінше, биыл жаңа эпидемиологиялық маусымда, яғни, 1 қазан – 6 желтоқсан аралығында ЖРВИ-дың 297 838 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға төмен. Балалар арасында аурушаңдық деңгейі 64,5% құрайды.

“Билығы қараша айының басынан бастап зертханалық расталған тұмаудың 104 жағдайы тіркелді, науқастарға ем тағайындалған, жағдайлары қанағаттанарлық. Өткен жылғы эпидемиологиялық маусымның 40-шы аптасынан бастап тұмаудың 114 жағдайы тіркелген еді. Оның ішінде тұмаудың В типі -112 жағдай, А типі /H3N2 -1 жағдай, А типі /H1N1pdm09 - 1 жағдай болған”, - деді Әсел Қалықова.

Ол ауада ЖРВИ-дың вирустары: риновирус, бокавирус, РС вирус, аденовирус, парагрипп, маусымдық коронавирус айналымда жүргенін айтты. Сол себепті тұмауды алдын алу мақсатында жергілікті әкімшілік есебінен «тәуекел тобындағы» тұрғындарға (медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйінің балаларын, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар, эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша медициналық-әлеуметтік мекеме, ұйымдарда қызмет алушылар, жүктіліктің 2-ші немесе 3-ші триместрінде жүкті әйелдер) вакциналау жүргізілді.

“Жеке меншік медициналық орталықтарда өз есебінен егілгісі келген тұрғындарға және әртүрлі салада еңбек ететіндерге жұмыс берушілер есебінен тұмауға қарсы екпе жүргізілуде. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қалада тұмауға қарсы 257 495 адам егілді, оның ішінде 250 000 «тәуекел тобындағы» тұрғындар, 6202 адам жұмыс берушілердің есебінен, 1293 адам өз қаражаты есебінен егілді. Айту керек, вакциналау - халықты тұмау вирусын жұқтырудан қорғап қана қоймайды, ол сондай-ақ асқынулар мен өлім-жітімді айтарлықтай азайтуға көмектеседі”, - деді дәрігер.

Әсел Қалықова сондай-ақ ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылықтың өсуі кезінде халыққа алдын алу шараларын сақтауға шақырды. Яғни, дәрігердің тағайындауымен иммундау жүйесін көтеру: С дәруменін, оксолин жақпа майын қолдану, жаппай іс-шаралар өтетін орындарға баруды азайту, бөлмелерде ылғалды жинау жүргізіп, желдету, ЖРВИ-мен сырқаттанғандармен қарым-қатынаста болмауға тырысу, қарым-қатынас болған жағдайда бетперде киіп, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет, ауру болған жағдайда үйде болу керек, өзін-өзі емдемеу керек, медицина қызметкерін шақыру керек, түшкіру және жөтелу кезінде ауызды қолмен, майлықпен, орамалмен жауып, қолды мүмкіндігінше жиі жуу, науқас балаларды мектептерге, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарға жібермеу керек екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар
telegram