Алматыда жұмыссыз жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

жәрмеңке
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының Алмалы ауданында жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін, сондай-ақ қаланың жұмыссыз жастарын жұмысқа орналастыруға бағытталған Almaly Career Day мансап күні өтті.

Шараны Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды.

Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің мәліметінше, ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы 83407 жас тұрады.

арман шамшин
Фото: Алматы әкімдігі

«Оның ішінде NEET жастарының үлесі 4,7 мың (5,6%). Жастарды жұмыспен қамту — олардың еңбек нарығына табысты интеграциялануын және өңірдің әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету жолындағы біз үшін маңызды тақырып. Мұндай іс-шараларды өткізу жастарды қолдау және NEET санатындағы жастарды азайтудағы маңызды қадам „, — деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин. 

Шараға IT, қаржы, білім беру және әртүрлі саладағы 70-тен астам жетекші компания мен 2 мыңнан астам жас қатысты.

жәрмеңке
Фото: Алматы әкімдігі

Қатысушылар арасында бос жұмыс орындарын ұсынуға дайын ірі корпорациялар да, перспективалы стартаптар да болды. 

«Жастарды жұмыспен қамту үшін қалалық мансап орталығы ашылып, өзекті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар басталды. „Jas Almaty“ мобильді қосымшасы іске қосылды. Сонымен қатар, қаламыздың әр ауданында 8 комьюнити-орталық ашылды. Әр орталықта жұмысқа орналастыру бойынша консультанттар көмек көрсетеді. Дәл осындай мансап күндер әр ауданда өткізу жоспарлда. Келесі мансап күні 10 мамырда Медеу ауданында „Көк базар“ сауда аумағында өтеді», — деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев. 

алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Айта кетейік, мансап күндері — бұл үздік компаниялар өздерінің бос жұмыс орындары мен дарынды мамандар үшін мүмкіндіктерін ұсынатын алаң.

Айдың соңына дейін осындай бос орындар жәрмеңкесі қаламыздың барлық аудандарында өтеді.

жастар
Фото: Алматы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар