Алматыда журналистер сквері жаңартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда  ҚР Орталық мемлекеттік музейінің жанындағы журналистер скверін реконструкциялау жұмысы аяқталды.

Алматыда журналистер сквері жаңартылды
Фото: қалалық әкімдік

Алматы әкімдігінің мәліметінше, сквер аумағы – 1,3 гектар. Ол 1997 жылы салынды және жаңартуды қажет етті. Өйткені осы уақыт ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 

Алматыда журналистер сквері жаңартылды
Фото: қалалық әкімдік

«Соқпақ жолдардың жабыны бұзылған. Ескерткіш орналасқан аумақтың да жабынын ауыстыру қажет болатын. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері жарамсыз болып, аумақты көгалдандыруды жаңарту қажеттігі туындады», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Жаңарту барысында кеспе тас төсеу, жиектастарды монтаждау жұмыстары жүргізілді, 12 жаңа орындық пен 14 қоқыс жәшігі орнатылды. 3,8 мың бұта мен 10 түп туя ағашы отырғызылды. Сонымен қатар Меңдіқұлов көшесіне қарай қосымша жаяу жүргіншілер жолы салынды.