Алматыда зияткерлік көлік жүйесі енгізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі Kazinform сауалына жолданған жауапта мегаполисте тиімді көлік қозғалысын басқару мақсатында Алматы әкімдігі мен Қытайдың Inspur мемлекеттік компаниясы зияткерлік көлік жүйесі (ITS) тұжырымдамасын әзірлегені айтылған.

Биыл 29 сәуірде 600 газбен жүретін және 200 электр автобусты сатып алуға байқау жарияланды. Жеке тасымалдаушылар өз тарапынан 800 газбен жүретін және 118 электр автобусты сатып алуды жоспарлап отыр.

– Жоба бойынша келісімшарт 2025 жылдың 20 -шы мамырына дейін жасалып, жүйе 2026 жылдың тамызында іске қосылады. Сондай-ақ жыл соңына дейін қалалық қоғамдық көлікті 100% экологиялы ету көзделген,– делінген жауапта.
Бұдан бөлек, электр көлігі инфрақұрылымын дамыту үшін 6 инвесторға 233 электр зарядтау станциясын орнатуға техникалық шарттар берілді.

Сонымен қатар, «жасыл» облигациялар есебінен 100 электробус сатып алып, 10 троллейбус қосалқы станциясын жаңғыртуға құжаттар дайындалды.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы әкімдігі 2025 жылы алғаш рет «жасыл» облигацияларды электробус сатып алуға ғана емес, сондай-ақ, Желтоқсан көшесіндегі BRT желісінің құрылысын жалғастыруға бағыттамақ.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары кезінде қала әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, шаһарды жарықтандыру, пәтерлерге суды уақтылы және толық беру, көшелер мен аулаларды абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берген болатын.
