Алматыдағы №2 ЖЭО көмірден газға көшіп жатыр: жаңа қазандық жылу бере бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы №2 жылу электр орталығында көмірдің орнына табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа қазандық іске қосылды. Бұл станцияны толық жаңғырту және газға көшіру жұмыстарының маңызды кезеңі саналады. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, нысанның іске қосылуы станцияны ауқымды жаңғырту және көмірден табиғи газға көшіру жұмыстарының кезекті маңызды кезеңі.
— Жаңа су жылыту қазандығы жылыту және ыстық сумен жабдықтау қажеттіліктері үшін жылу өндіреді. Оның іске қосылуы Алматы тұтынушыларын сенімді жылумен қамтамасыз етуге және қажетті жылу қуатының резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Осылайша, Алматыдағы №2 ЖЭО-да жылу генерациясының жаңа нысаны іске қосылды. Ал келесі маңызды кезең электр энергиясын өндіруге арналған бу-газ қондырғысының энергетикалық жабдықтарын іске қосу болады.
Станцияны жаңғырту көмірді пайдаланудан бас тартуға, электр және жылу энергиясын өндіру тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Алматы қаласына түсетін экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін соңғы жеті жылда Қазақстанда 3,6 млн адам табиғи газға қол жеткізгенін жаздық. Осы кезеңде 772 елді мекен газдандырылып, 31,5 мың шақырымнан астам газ желісі тартылды. Ал 2035 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр.