Алматыдағы № 54 мектеп соғыс кезінде әскери госпиталь болған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы № 54 мектеп соғыс жылдары майдан даласынан жараланып қайтқан жауынгерлерді емдейтін әскери госпиталь ретінде қызмет атқарған. Жеңістің 80 жылдығын тойлау қарсаңында Kazinform тілшісі тарихи ғимарат жайлы мәліметтер жинап көрді.

мектеп
Фото №54 мектеп-лицей қорынан

Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың есімі берілген № 54 мектеп — Алматы қаласының тарихи жүрегінде, тұрғындар арасында «Арбат» деген атаумен белгілі жаяу жүргіншілер көшесінің бойында орналасқан.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Панфилов және 316-атқыштар дивизиясы

Иван Панфилов 1941 жылы Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен 316-атқыштар дивизиясын жасақтап, Мәскеуді қорғауға аттанған.

1941 жылдың қазан-қараша айларында Мәскеу түбіндегі Волоколамск бағытында осы дивизия жауға қарсы ерлікпен шайқасты.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл шайқастағы 28 гвардияшы-панфиловшының ерлігі бүкіл Кеңес әскеріне үлгі болды. 

Осы ерліктің құрметіне 316-атқыштар дивизиясы Қызыл Ту орденімен марапатталып, кейін Панфилов есімі берілді.

1942 жылы 12 сәуірде Иван Панфилов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Сол жылы Алматыдағы № 54 мектепке оның есімі берілді.

f
Фото: 2gis

Мектептен майданға аттанған түлектер

— 1939 жылы Алматы қаласының Ленин ауданында (қазіргі Алматы қаласы Алмалы ауданы) № 54 орта мектеп ашылды. 1941 жылы 22 маусым күні мектепті бітіру кешінен кейін 21 түлек, сынып жетекшісі және физика пәнінің мұғалімімен бірге соғысқа аттанды. Өкінішке қарай, олардың ішінен тек екеуі ғана елге аман оралды, — дейді мектеп директоры Құралай Ошанова.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматылық Валентин Баядинов бауырының сол тізімде болғанын былай деп еске алады:

— № 54 мектептен соғысқа аттанған 21 жігіттің ішінде менің туысқан бауырым Анвар Вагапов та бар еді. Ол 1941 жылдың қысында Мәскеу түбіндегі Волоколамск бағытындағы шайқаста қаза тапты. Сүйегі де сол майдан даласында қалды, — дейді ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Соғыс кезіндегі әскери госпиталь

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде № 54 мектептің сыныптары жаралы жауынгерлерге арналған палаталарға, операциялық бөлмелер мен басқа да медициналық бөлімшелерге айналды.

— Естуімізше, соғыс жылдары мектепте пионер жетекшісі болған Анна Буфалова мен басқа да қыздар қыс мезгілінде екінші теміржол вокзалынан жаралы солдаттарды шанамен тасыған, ал мектеп ғимаратында солардың жаралары таңылып, ем жүргізілген, — дейді мектеп директоры.

а
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

Мектептің бүгіні мен мұрасы

Қазір білім мекемесі ресми түрде Иван Панфилов атындағы Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейі деп аталады. Мұнда 1200 оқушы білім алады.

1967 жылы мектеп қабырғасында Әскери даңқ музейі ашылған.

Мұражайда соғыс жылдарындағы түлектердің құжаттары, жеке заттары, хаттары, фотосуреттері мен байланыс құралдары қойылған.

q
Фото: Александр Павский / Kazinform

Музей жақында күрделі жөндеуден өтеді. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті.

Мектеп басшысы Құралай Ошанованың айтуынша, мектепте жыл сайын Жеңіс күніне арналған бірқатар патриоттық және тәрбиелік шара өткізіледі.

а
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

— Мұндай шаралар оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып, ерлік пен отансүйгіштікке тәрбиелейді. Біз өзімізді панфиловшылар деп атаймыз, панфиловшылар қозғалысының белсенді мүшелеріміз, — дейді ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қорытындылай келе Иван Панфилов атындағы № 54 мектептің тарихы — соғыс жылдарындағы елге деген жанқиярлық қызметтің, ерлік пен патриотизмнің жарқын үлгісі.

Қазір бұл білім ордасы өз дәстүрін лайықты жалғастырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform
в
Фото: yandex.kz

 

Соңғы жаңалықтар