Алматыдағы «Абай» саяжайында көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтеруі мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы мәслихатында қаланың Бас жоспарына енгізілген түзетулер талқыланды.
Сессия барысында мәслихат депутаты Қайрат Бегалин «Абай» саяжайлары бойынша тұрғындар көтерген мәселеге тоқталды.
Оның айтуынша, бұл аумақ 2014 жылы Алматы құрамына кірген. Содан бері тұрғындар жер учаскелерінің «бау-бақша шаруашылығы» деген нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысына өзгертуді сұрап келеді.
— Өйткені олар үшін бұл өз үйінің және жерінің мәртебесін анықтау мәселесі. Ал ұсынылған бас жоспар жобасында «Абай» саяжайлары жеке тұрғын үйлер аумағы ретінде емес, орта қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер аймағы ретінде көрсетілген. Тұрғындар «біздің үйлеріміз тұрған жерде неге көпқабатты құрылыс көзделген?» деп сұрап отыр. Осы шешім не үшін таңдалды және ол қазір тұрғындардың үйлері мен жер учаскелеріне қалай әсер етеді, — деді депутат.
Қойылған сұраққа Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов жауап берді. Оның сөзінше, бұл аймақ Бас жоспардың жобасын дайындаған кезде ең көп талқыланған аймақтардың бірі болған.
— Жергілікті тұрғындармен бірнеше рет кездесіп, бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Бұл жер қаланың ішіне кіргеннен бері бау-бақша шаруашылығы ретінде қалыптасқан. Ол жерге неге өзгеріс керек десеңіздер, Наурызбай ауданы — қарқынды дамып, өсіп келе жатқан аудан. Ал дәл осы жерде қажетті заманауи инженерлік желілер не болмаса әлеуметтік инфрақұрылым жоқ. Аталған аумақ қала ішіне кіргендіктен, оны әрі қарай дамыту қажет, — деді ол.
Қала әкімінің орынбасары халықпен кездесулерден соң, мәселе жан-жақты қаралып, бұл аумаққа көпқабатты емес, орта қабатты тұрғын үй құрылысы қарастырылғанын айтты. Оның ішінде жаңа саябақ, жаңа жолдар, мектеп пен балабақша болады.
Еске салайық, Алматы мәслихатының депутаттары 2040 жылға дейінгі Бас жоспарға түзету жобасын мақұлдады.