Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар орталығында өрт шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Түнде Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар орталығының аумағы өртенді.
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері М. Айқымбаев атындағы Ұлттық аса қауіпті инфекциялар орталығының аумағындағы төтенше жағдайды хабарлап жатқан видео тарады.
Мұны Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметтері растады.
Құтқарушылардың мәліметінше, 20 қыркүйек сағат 23:45–те Жаһангер көшесі, 14 мекенжайындағы жалын туралы хабар түскен.
— Құтқарушылар оқиға орнына бірнеше минуттан кейін жетті. Екі қабатты әкімшілік ғимараттың екінші қабатында тұрмыстық техника мен заттардың жанып жатқаны анықталды. Өрт шамамен 20 шаршы метр аумақты қамтыған. Сағат 00:38–де өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 20 адам және бес арнайы техника жұмылдырылды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жалын қысқа тұйықталудан шығуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өрт М. Айқымбаев атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың әкімшілік ғимаратындағы қойма бөлмесінде болған.
Өрт жедел сөндіріліп, зертханалық бөлмелерге тарамаған.
— Арнайы зертханалық жұмыстар жүргізілетін бөлмелерге зияны тиген жоқ. Жұқпалы аурулардың таралу қаупі де анықталмады, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Еске салсақ, Алматы облысындағы қоқыс полигонында өрт шыққан еді.