Алматыдағы автобус апаты: автобусты қолымен тежегішті басқан студент тоқтатқан
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, үш адамның өліміне себепкер болған жолаушыға қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Бүгін жәбірленуші тарап сотталушы мен жауапкерден материалдық және моральдық өтемақы төлеу жөнінде талап қойды.
«Азаматтық кодекске сәйкес, «Думан Транс» пен Шөкебаевадан моральдық өтемақы өндіру туралы талап арыз бере аламыз. Ата-ананың әрқайсысы үшін 20 млн-нан, жиыны 40 млн теңгені өндіріп алуды талап етеміз. Оның 4/1 бөлігін, яғни, 10 млн теңгесін сотталушы Ахметжанов, автобус жүргізушісі де солай, ал «Думан Транс» ЖШС заңды тұлға болған соң 20 млн теңге төлеуі тиіс», — деді жәбірленушілердің адвокаттары.
Автобус апатында ері Айдос Әлменбаевтан айырылған азаматша Құсайынова А. сотқа 20 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген. Сонымен қатар, апат кезінде ерінің көлігі зақымданған. Сарапшы шығынды 4 млн 27 мың теңгеге бағалаған. Сондай-ақ жерлеу мен еске алу шараларына 2 млн 320 мың теңге қаржы жұмсалған. Осылайша Құсайынова сотталушыдан 6 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіруді талап етті. Одан бөлек моральдық шығын бойынша 20 млн теңгенің 4/1 бөлігін, яғни, 5 млн теңгені сотталушы, автобус жүргізушісі — 5 млн теңге, «Думан Транс» ЖШС 10 млн теңге төлеуі тиіс болды.
Осыдан соң жол апаты кезінде автобуста болған куәлер шақырылды. Жеңіс Тайбек есімді студент автобус ішінде болған оқиғаланы айтты.
«Автобус ішінде жолақыны төлеу мәселесі болды. Автобус жүргізушісі Ахметжановтан жолақысын төлеуді талап етті. Кейін ол төледі ма білмеймін, біраздан соң балағат сөздер айтыла бастады. Мен жүргізушнің тура артындағы артындағы орындықта отырған едім. Жанымда досым Әмірхан болды. Ахметжанов жүргізушіні екі рет соққанын көрдім. Мен оны сотталушыны ұстауға әрекет жасадым. Жүргізуші «тормоз, тормоз, ұстаңдар, сол кінәлі, қашып кетпесін, ұсталсын» деп айқайлағаны есімде. Осыдан соң мен барып тежегіштен жүргізушінің аяғын алып, қолыммен тежегішті бастым. Осылайша автобусты тоқтаттым. Жол апатынан менің басым жарылды. Автобустан шыққан соң өлген адамды көрдім, шок жағдайда болдым», — деді куәгер Жеңіс Тайбек.
Екінші шақырылған куә студент Шақантай Әмірхан сотталушы автобустың артқы есігінен түсіп кетпекші болғанын айтты.
«Алайда жүргізуші оған есікті ашқан жоқ. Ахметжанов жүргізушіге SMS бармай жатыр деді. Жүргізуші «келесі аялдамаға дейін төлеп қойыңыз» деді. Сонда Ахметжанов: «осы жерден тастап кетіңіз» деді. Алайда жүргізуші жүріп кетті. Сотталушы балағат сөздерін айта бастады. Жүргізуші: «қолыңнан келсе істе» деді. Айналасы 10 секунд ішінде қайғылы жағдай болды. Жүргізуші «тормоз, тормоз, шығармаңдар» деді. Апаттан соң сырттан кісілер автобус есігін сындырып кірді. Жүргізуші әйел: «бәріне осы кісі кінәлі» деп Ахметжановты көрсетті», — деді Шақантай Әмірхан.
Осыдан соң судья Т.Шакиров келесі сот отырысын 24 сәуірге шегеретінін мәлімдеді. Осылайша Алматыдағы автобус апатына қатысты сот отырысы осымен бесінші мәрте кейінге шегерілді.
Еске салсақ, автобуста жүргізуші әйелді ұрған Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы 20 наурызда басталған еді.
Айта кетейік, өткен жылы Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан.
Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.