Алматыдағы автобус апаты: сот жалғасып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, үш адамның өліміне себепкер болған жолаушыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.
Сот отырысында жол апаты болған кездегі автобус ішінде түсірілген бейнежазба көрсетілді. Осыдан соң сотталушы мен жәбірленуші тарапқа сұрақтар қойылды.
Сотталушы Ахметжановтың адвокаты жүргізуші Ермек Шөкебаеваға автобус ішінде оған не айтқанын сұрады.
«Ол жанжал шығарған соң оған „ұрғың келе ме, ұр“ дедім. Бірақ ол олай жасайды деп ойлаған жоқпын. Негізі ақыл-есі дұрыс адам секілді. Алған соққыдан кейін есімді жоғалттым, шок жағдайда болдым, не айтқаным есімде жоқ. Соққыдан алған жарақаттарым әлі бар», - деді Ермек Шөкебаева.
Жол апаты салдарынан қаза болған Айдос Әлменбаевтың жұбайы Шөкебаеваны кінәлады.
«Сен білдің ғой оның ұратынын. Сол себепті оны тұрған жерінде құлатам деп газды бастың, салдарынан үш адамды қақтың», — деді ол.
Ермек Шөкебаева өзін кінәлі санамайтынын айтты.
Прокурор Ахметжановқа егер жүргізуші әйел оған дөрекі сөйлеп, ар-намысына тисе, оған қол көтерудің орнына неге заң органына шағымданбағанын сұрады.
«Менің заңнан хабарым жоқ. Өмірімде бұрын-соңды мұндай жағдай болған жоқ. Мен ол кезде баланы, үйге тезірек жетуді ойладым», — деді Дархан Ахметжанов.
Ол сондай-ақ Шөкебаева соққы алған соң есін жоғалтпағанын айтты.
«Ол талып қалған жоқ. Себебі, оны соққан соң, ол маған „қазір мен саған көрсетемін“, тағы бірдеңелерді айтты, ол есімде қалған жоқ. Ұрғаным үшін өкінемін», — деді Ахметжанов.
Оның айтуынша бұрында ол шахматпен айналысқан, сотты болмаған.
Сот отырысына қатысқан Ахметжановтың азаматтық некедегі әйелі онымен отау құрғанына екі жыл болғанын, Ахметжановтың үш баласы бар екенін айтты.
Айта кетейік, Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы осымен төртінші мәрте кейінге шегерілді. Келесі сот отырысы 17 сәуірде өтеді.
Еске салсақ, автобуста жүргізуші әйелді ұрған Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы 20 наурызда басталған еді.
Айта кетейік, өткен жылы Алматыда №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан.
Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.