Алматыдағы автобус апаты: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Жол апаты
Фото: Алма Мұқанова

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда апатқа ұшыраған №18 автобустың ішінде болған жолаушылардың 25-і зардап шекті. Бір адам жедел жәрдем қызметі келгенше қайтыс болды. 

Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жолаушылардың екеуіне жол апаты болған жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді. 

«Қалған 22 адам қалалық ауруханаларға жеткізілді. Бәрінің жағдайы – орташа ауыр. Олардың арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісіне мұрын сүйегінің жабық сынуы, ал үшінші жасөспірімге оң аяғының жабық сынығы диагнозы қойылды», - деп хабарлады басқармадан.

жол апаты
Фото: Алма Мұқанова

Қазір науқастар қажетті ем-дом алып, қосымша тексеруден өтіп жатыр. 

«Содан кейін кімге стационарлық ем қажет екені, кімнің тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілетіні белгілі болады. Жарақат алған барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі», - деп атап өтті ведомстводан.

Осыған дейін Алматының орталығында автобус пен жеңіл көліктің соғылғаны туралы жазған едік. 

Полиция адам өліміне әкелген апат бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындады. 

Соңғы жаңалықтар