Алматыдағы «әйелдер маршы», «лесбилер шеруі» – USAID сынды ұйымдардың жұмыс нәтижесі – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы «әйелдер маршы», «лесбилер шеруі» – USAID сынды ұйымдардың жұмыс нәтижесі. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне жолдаған сауалында айтылған.

Алматыдағы «әйелдер маршы», «лесбилер шеруі» USAID сынды ұйымдардың жұмыс нәтижесі – Мәжіліс депутаты
Фото: Виктор Федюнин/Kazinfo

- Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде USAID-тің ондаған жылдар бойы «зиянды жобаларды» қаржыландырумен айналысқаны нақтыланған. Ресми тұлғалар, мәселен Илан Маск, тіпті президенті Дональд Трамп USAID-ті «құныққан радикалдар басқаратын» қылмыстық ұйым деп атады. Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде USAID агенттігінің салық төлеушілерге мүлдем есеп бермегені және қомақты ақша қаражатын «ақылға сыймайтын» және «зиянды» жобаларға бағыттағаны анық нақтыланған, - деді Мәжіліс депутаты.

Мәселен, оның дерегінше, USAID Колумбияда «трансгендерлік операға» 47 мың доллар, Перуде «трансгендерлік комикске» 32 мың доллар, Мысырда туризмді қаржыландыруға 6 млн доллар, Гватемалада «жыныс ауыстыруға» және «ЛГБТ- активизмге» 2 млн доллар, Сербияда еңбек ұжымдары мен іскерлік қоғамдастықтарға теңдік пен инклюзивтілікті ілгерілетуге 1,5 млн доллар, Ауғанстанда «суару арналарын, ауыл шаруашылығы жабдықтарын» қаржыландыруға, тіпті көкнәр өсіру мен героин өндірісін қолдауға жүздеген млн доллар бөлген. Мұнан бөлек, дәл осы ұйым «Әл-Каида» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) содырларына жүздеген мың порция тамақ жіберген.

Сондай-ақ аталған ұйым 2022-2025 жылдары Орталық Азияда адам құқығы мен теңдікті нығайтуға 2 млн доллар бөлген. Ал қаржы бөлінген бағдарламаны орындаушы – Еуропалық халықаралық лесбяндар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлер және интерсексуалдар қауымдастығы.

- Қандай қаражат кімге, қайда және қандай мақсатқа бөлінетіндігін, оларды кім алатындығын және елімізде қандай жобаларды жүзеге асыратындығын анықтау қажет деп санаймыз. Өйткені, «сексуалды азшылық құқығы» деген ұранмен кейбір топтардың белсенділігі оқтын-оқтын байқалады және бұл қоғамымыздың ішкі сұранысынан емес, сырты әсерден, оның ішінде сырттай қаржылық қолдаудан туындап отыр. Алматы қаласының орталығындағы «әйелдер маршы», «лесбилер шеруі» деп аталатын шерулер және оларды өткізуге үздіксіз ұмтылыс осындай ұйымдар қызметінің нәтижесі саналады, - деді Магеррам Магеррамов.

Осыған орай Мәжіліс депутаты шетелдік демеушілер бөлетін қаржы қаражатына аудит жүргізіп, барлық есеп-қисабын халыққа жариялауды, мұндай зиянды жобалардан балаларды қорғайтын арнаулы заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.

Бұған дейін АҚШ USAID-ты неге таратпақ болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар