Алматыдағы балабақшада болған жағдайға байланысты тергеу жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы балбақшалардың бірінде бүлдіршінің соққыға жығылуына байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

балабақша
Фото: pixabay.com

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті зардап шеккен баланың анасымен байланысқа шықты. Қазір балаға барынша медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған мәселе Комитет бақылауында»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін аяусыз соққыға жығылғанын жаздық.

«Біздің ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылды. Тәрбиеші жоқ, өз шаруасымен шығып кеткен. Баламыздың миы шайқалған, ауруханаға жаттық. Кішкентай балалардың да осындай қатыгез болғаны ма?», - деп жазады зардап шеккен баланың ата-анасы.

Қалалық білім басқармасы жағдай «№51 бөбекжай-бақша» балабақшасында болғанын мәлім етті.

Алынған түсіндірме хатқа сәйкес, тәрбиеші бұл уақытта балаларға түскі ас алып келу үшін шығып кеткен. Сол себепті, балалардың тәртібін қадағалай алмаған.

«Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиеші қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылды», - деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасынан.

Сондай-ақ, 3 жастағы баланың ата-анасының арызы бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізді.

«Балабақша қызметкерлерін, сондай-ақ балалардың ата-аналарын жауапқа тарту мәселесі шешіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар