Алматыдағы Баум тоғайы абаттандырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Баум тоғайын абаттандыру жұмыстарының қашан басталатынын айтты.
Қала басшысының сөзінше, жаңарту жобасы әзірленген, желтоқсанда сараптама қорытындысы шығады.
«Келесі жылы тоғайды ретке келтіре бастаймыз. Онда жарықтандыру, бейнекамералар және ыңғайлы жолдар пайда болады, яғни тоғайда жүру қауіпсіз әрі жайлы болады. Жұмысты келесі жылдың күзінде аяқтауға тырысамыз», – деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, жоба аясында тоғайдың жасыл қорын қалпына келтіру және оның өсімдік түрлерінің санын көбейту де көзделген.
Осыған дейін Түрксіб ауданында Қарасу өзенінің арнасын абаттандыру және Таштитов көшесінде жаңа демалыс аймағының құрылысы аяқталғаны туралы жазған болатынбыз.