Алматыдағы Esentai city тұрғын үй кешенінде газ жарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Медеу ауданында орналасқан қымбат тұрғын үй кешенінде төтенше жағдай орын алды.

Алматыдағы Esentai city тұрғын үй кешенінде газ жарылды
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде белгісіз жарылыстан кейін тұрғын үй кешенінің аумағындағы жағдайдың бейнежазбасы тарады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Қаппаров көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылған. Алайда өрт болмаған.

- Алдын ала мәліметтер бойынша жарылысқа табиғи газдың тарауы себеп болуы мүмкін, - деп хабарлады әкімдіктен.

Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған. Дәрігерлер тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін олар үйлеріне жіберілді, ауруханаға жатқызу қажет болмады.

- Қазіргі уақытта жауапты қызметтер оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр, - делінген әкімдік жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда пәтерде газ жарылып, 91 жастағы қария құтқарылған болатын.