Алматыдағы қай саябақтарда кітаптарды тегін оқуға болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биылғы 1 маусымнан бастап жазғы буккроссинг алаңдары жұмыс істей бастайды. Бұл алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды тегін алып оқып, өзара алмастыра алады.

в
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы мәдениет басқармасы өкілдерінің мәліметінше, кітап сөрелері Ганди және Қарғалы саябақтарында, М. Мақатаев атындағы скверде, сондай-ақ Центральная көшесі, 12Б мекенжайындағы №44 кітапханада орналастырылады.

Ал шілде айынан бастап буккроссинг алаңы Гоголь көшесі, 109 мекенжайында орналасқан А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада да ашылады.

Кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітап қоры тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сөрелерге көркем әдебиет, танымдық және мотивациялық кітаптар қойылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, буккроссинг форматы тұрғындарға таза ауада кітап оқып қана қоймай, кітаптарын өзге оқырмандарға бөлісуге де мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы кітапханаларының мобильді қосымшасы іске қосылғанын жазған едік.