Алматыдағы қоқыс енді GPS-пен бақыланады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қоқыс шығару саласын толық цифрландыру басталды. Қала билігі арнайы техникаларды GPS арқылы бақылап, қалдықтарды тасымалдауды бірыңғай жүйеге көшірмек.

Алматыдағы қоқыс енді GPS-пен бақыланады
Фото: Алматы әкімдігі

Eco Almaty мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда қоқыс шығару ұйымдары қызмет көрсететін 100 мыңнан астам нысан толыққанды цифрлық бақылаусыз жұмыс істейді. Сонымен қатар тариф құрамында қарастырылған қалдықтарды сұрыптауға арналған қаражат қайта өңдеу жүйесіне әрдайым толық көлемде жетпейді. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен арнайы техникалардың тозуы да өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Жүйені ретке келтіру мақсатында «Бір аумақ — бір қоқыс шығаратын ұйымы» қағидатын енгізу ұсынылып жатыр. Бұл талаптар халыққа, тұрғын үй кешендеріне, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бірдей қолданылады.

Сонымен қатар қалада қалдықтарды тасымалдауды бақылаудың бірыңғай жүйесі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ресми қоқыс шығару ұйымдарының арнайы техникасының 94%-ы GPS-платформаға қосылған. Жүйе 20 маусымға дейін толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл арнайы техниканың қозғалысын онлайн режимде бақылауға, қалдықтарды шығару үдерісін қадағалауға және экологиялық талаптардың бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді.

— Полигондардың жұмысының ашықтығына да ерекше назар аударылып отыр. Қалада қалдықтарды тоннамен есепке алу жүйесіне толық көшу, полигондарды Бірыңғай мониторинг платформасына қосу және толыққанды сұрыптау желілерін құру жоспарланған, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, былтыр көлемі 500 мың тоннадан асқан құрылыс қалдықтарын реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты мердігер және құрылыс ұйымдарының арнайы техникаларына міндетті GPS-трекерлер орнату, сондай-ақ құрылыс қалдықтарын орналастыру және қайта өңдеуге арналған арнайы полигон құру ұсынылды.

Жыл соңына дейін Алматыда Көріктендіру қағидалары мен Қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларын жаңарту, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеудің Бірыңғай диспетчерлік орталығын құру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда дрондар қоқыс тастап, түкірген тұрғындарға ескерту жасайтынын жазғанбыз.