Алматыдағы кісі өліміне қатысты 17 жылдан кейін сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қылмыс жасалғаннан кейін 17 жыл өткен соң Алматыдағы резонанс тудырған кісі өліміне қатысушыға қатысты сот үкімі шықты. Ю. Юсупов ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде жалған анкеталық деректермен жасырынып жүрген. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматының орталығында жасалған.
Сот анықтағандай, Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып, кейін жәбірленушіні Фурманов көшесіндегі үйдің маңында аңдыған. Оған бірнеше рет дәлдеп оқ атылған. Соның ішінде басының желке тұсына бақылау ретінде оқ тиген. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқан.
— Кісі өлтіруден кейін Юсупов Қазақстаннан кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған. Ал оның сыбайласы Коваленко қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында Коваленко Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды. Оқиға барысында полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлады ведомство.
Ал Юсуповты іздеу жұмыстары жалғасты. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыстық ортада ол «Кинг-Конг» лақап атымен белгілі болған және қырғызстандық белгілі қылмыстық авторитеттің айналасына кірген. Қырғызстанның құқық қорғау органдары да оны 2007 жылы Бішкек қаласында көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздеген.
Көп жыл бойы Юсупов Еуропа елдерінде өзгертілген анкеталық деректерді пайдаланып жасырынған.
Алайда 2025 жылғы тамызда Литва шекарасынан өту кезінде ол ұсталды. Сол жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Юсупов Литвадан Қазақстанға экстрадицияланды.
— Осы жылдың шілдесінде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұл экстрадиция халықаралық ынтымақтастық саласындағы жаңа тәсілдер мен шетелдік әріптестермен жолға қойылған өзара іс-қимылдың нәтижесі болған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада төбелес кезінде адам қаза болған іс бойынша екі адам сотталғанын жазғанбыз.