Алматыдағы қуыршақ театрының маусымы екі қойылыммен жабылды

Алматы
Фото: Мемлекеттік қуыршақ театры

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қуыршақ театры 88-ші маусым шымылдығын Николай Гогольдің «Шекпен» және Шарль Перроның «Етік киген мысық» спектакльдерімен жапты.

Театрдан мәлім еткендей, мемлекеттік қуыршақ театры үшін 88-ші маусым тағылымды қойылымдарға, жарқын жеңістерге, зор жетістіктерге, жағымды жаңалықтарға толы болды.

«10 жылдан кейінгі қуыршақ театрының жаңаруы – 88-ші маусымның елеулі оқиғалары қатарында. Қуыршақ театрының ғимараты, фойесі, сахна кеңістігі, көрермен және дайындық залдары, грим бөлмелері, гардероб, санитарлық-гигиеналық және басқа да орындар толықтай күрделі жөндеуден өтіп, театр қызметкерлері жаңа шабытпен жұмысын жалғастырса, көрермендер жаңа келбет пен заманауи қойылымдарға куә болды»,- деп атап өтті театрдан. 

Әлемдік аренадағы қуыршақ театрының жаңаша келбетін қалыптастыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту барысында театр ұжымы Болгария, Түркия, Ресей мемлекеттерінде өткен халықаралық театр фестивальдерінде үздік атанып, жетістіктер қоржынын атаулы жүлделермен толықтырды. 

Қуыршақ театры
Фото: Мемлекеттік қуыршақ театры

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қуыршақ театрының 12 қызметкері Германия, Түркия және Ресей елдерінде кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болып, шығармашылық шеберліктерін шетелдік білім беру орындарында шыңдады.

88-ші маусымда қуыршақ театрының тарихына елеулі жаңалық алып келген І-ші Халықаралық «ALMATY PUPPET FESTIVAL» қуыршақ театрлар фестивалі тұңғыш рет өткізіліп, Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның 150-ге жуық үздік театр майталмандарының басын қосты. 

Қуыршақ театры
Фото: Мемлекеттік қуыршақ театры

Қуыршақ театрының репертуар қоржыны 88-ші маусымда 5 жаңа қойылыммен толықты. 

Геометриялық пішіндер әлемімен таныстыратын «Бауырсақ» ертегісі, алпауыт әлемде анасын жоғалтқан кішкентай мамонттың таңғажайып оқиғасын баяндайтын «Анасын іздеген Мамонт» спектаклі, бокс шебері әрі ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың батыл рухын дәріптейтін «Чемпион» қойылы, барша бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкері туралы сыр шертетін «Етік киген Мысық» ертегісі және грузиялық режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанған «Шекпен» қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

алматы
Фото: Мемлекеттік қуыршақ театры

«Алдағы 89-шы театр маусымында көрермендерді ұтымды жобалар, жағымды жаңалықтар, замануи спектакльдер асыға күтетін болады»,- деп хабарлады театрдан.

Соңғы жаңалықтар
telegram