Алматыдағы мектепте жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өрт сөндіргіш тұр – әкімдік пікірі
Алматы қаласында орналасқан №56 гимназияда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өрт сөндіргіштің ілініп тұрғаны туралы ақпарат Kozachkov offside Telegram арнасына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Өрт сөндіргіштің жапсырмасынан «Орындаушы: «Aurora KZ» ЖШС» деген жазуды байқауға болады.
Алматы әкімдігі желіде жарияланған өрт сөндіргіштің №56 гимназияға тиесілі емес екенін жазды.
«Жыл сайын Медеу ауданының төтенше жағдайлар қызметі жоспарлы тексеріс жүргізеді. Соңғы рет 2023 жылдың наурыз айында тексеру жүргізіліп, ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Әлеуметтік желіде жарияланған өрт сөндіргіш №56 мектеп-гимназияға тиесілі емес, себебі мектеп «Aurora KZ» ЖШС-мен жұмыс істемейді», - деген Алматы әкімдігі.
Сондай-ақ қалалық білім басқармасы «Қ.Сәтбаев атындағы №56 гимназиясы» КММ өрт қауіпсіздігінің барлық шараларын уақытылы жүргізетінін хабарлады.
«2023 жылы 1 наурыздағы №12 өрт қауіпсіздігі бойынша «БОНА» агенттігімен келісім-шарт жасалып, мектеп ғимаратында өрт дабылы орнатылды, шатырлар екі жылда бір рет өртке қарсы агенттікпен бірге өңделеді, 2023 жылы 11 ақпанда өрт сөндіргіштер қайта толтырылды», - делінеді әкімдіктің хабарламасында.