Алматыдағы мұздақ көлдер тәулік бойы бақылауға алынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда сел қаупінің алдын алу мақсатында мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылайтын бес биік таулы маусымдық бақылау бекеті жұмысын бастады.
Алматыда Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мұздақ көлдердің жай-күйін үздіксіз бақылауға арналған бес биік таулы бақылау бекетін іске қосты.
Бақылау бекеттері Үлкен Алматы өзені алабындағы № 13-бис және № 10 көлдерде, Ақсай өзені алабындағы № 8 және № 9-10 көлдерде, сондай-ақ «Күмбел» гидробекетінің жоғарғы бөлігінде орналасқан.
Мамандардың мәліметінше, маусымдық бекеттер гидрологиялық жағдайды тұрақты бақылауға, мұздақ көлдердегі өзгерістерді дер кезінде анықтауға және қауіп төнген жағдайда жедел ақпарат таратуға мүмкіндік береді.
Мұздақ көлдерге тәулік бойы мониторинг сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады. Бұған дейін дәл осындай биік таулы бақылау бекеттері Алматы облысында да іске қосылған болатын.
ТЖМ бұл шаралар мұздақ көлдердің жарылуынан туындауы мүмкін сел қаупінің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін ТЖМ Алматы облысындағы тау көлдерін бақылау бекеттерін ашқанын хабарлағанбыз.