Алматыдағы нотариустар мен адвокаттардың саны қанша
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда нотариустарына былтыр 83 тексеру жүргізілген.

Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Балаим Кесебаеваның айтуынша, бүгінгі күні Алматыда 947 нотариус жұмыс істейді. Өткен жылы нотариустар жұмысының заңдылығын тексеретін 83 тексеру жүргізілген, оның ішінде 79-ы жоспардан тыс, 4-і жоспарлы түрде болған. Тексеріс нәтижелері бойынша 11 нотариус жұмысын тоқтатқан, ал 18 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Әділет департаментінің басшысы Алматы аумағында жұмыс істейтін адвокаттарының саны 1010 екенін атап өтті.
- Алматыда 1 аумақтық адвокаттар алқасы, 16 құқықтық кеңес беретін орын және 48 адвокаттық кеңсе жұмыс істейді. Өткен жылы алматылық адвокаттардың жұмысына 67 шағым түсті. Оның ішінде 21 шағым бойынша дәлелдер расталды және тиісті шаралар қолданылды. 9 адвокат ескерту алды, алтауы сөгіс, екеуі қатаң сөгіс алды және 4 адам мүшеліктен шығарылды, - деді ол.
Әділет департаментінің мәліметінше, мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша Алматыда адвокаттар 19 763 азаматқа тегін заң көмегін көрсеткен.
- ҰОС қатысушылары, оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, аз қамтылған азаматтар тегін құқықтық кеңес ала алады. Сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан, жұмысқа байланысты денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтырудан немесе қылмыстық құқық бұзушылықтан, жыныстық зорлық-зомбылықтан, адам саудасынан зардап шеккендер, осы мәртебеге немесе жағдайына байланысты тегін заңды кеңес ала алады, - деді Балаим Кесебаева.
Еске салайық, бұған дейін министр Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген басты өзгеріс туралы айтқанын жазғанбыз.