Алматыдағы Райымбек – Саин жол айрығы күрделі жөндеуден өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Райымбек — Саин жолайрығы 2026 жылы күрделі жөндеуден өтеді

Алматының қалалық мобильділік басқарма басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, бұл жолайрық 2005 жылы салынған және пайдалануға берілген сәттен бастап оның тірек құрылымдарының жағдайы тұрақты түрде бақылауға алынып келеді. 2016, 2020 және 2023 жылдары жүргізілген тексерісте ақаулар анықталмаған.
— 2024 жылдың қараша айында жүргізілген тексеріс нәтижесінде көпір құрылымдарының бетон бетінде ақаулардың пайда болуына, жол жамылғысындағы деформациялық жіктер мен асфальт-бетон жабындысының жөндеуді қажет етуіне байланысты күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Биыл ақпан айында күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша мердігер ұйыммен келісімшарт жасалды. Жөндеу жұмыстары 2026 жылы басталады, — деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, биыл наурыз айында техникалық қызмет жолайрыққа аспаптық тексеру жүргізіп, арнайы датчиктер орнатты. Бұл тексеріс те нормативтен тыс деформация анықтамады.
Сонымен қатар, жолайрықтың қазіргі жағдайын сақтау үшін оның кейбір элементтерін уақытша қорғау (консервация) жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда: эстакаданың аралық тірегіндегі ригельдің консолді бөлігін арнайы құраммен сылап жөндеу, тіректі қосымша арматурамен бекіту және бетін бетондау арқылы жөндеу, оңтүстік бағыттағы бұрылыстағы аралық тірек бөлігін жөндеу жоспарда.
— Алаңдауға негіз жоқ, бүгінгі күні нысанның бүтіндігіне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Күрделі жөндеу басталғанға дейін техникалық қызмет ай сайын жолайырықты тексеріп отырады, — деп сөзін түйіндеді Сағындық Телібаев.
Еске салайық, сәуір айының соңында Райымбек даңғылында BRT құрылысы басталған болатын.