Алматыдағы Сейфуллин-Жансүгіров жол айрығы қашан ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру жұмыстары туралы айтты. 

Алматыдағы Сейфуллин-Жансүгіров жол айрығы қашан ашылады
Фото: Алматы әкімдігі

Шаһар басшысының сөзінше, 2025 жылы Жетісу ауданында 36 көше жөндеуден өтеді

– Былтыр ауданда 21 шақырым болатын 29 көше орташа жөндеуден өтті. Биыл 36 көшеде 19 км жолды жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жөндеу аясында 35 мың шаршы метр жол жабыны жаңартылады. Былтыр 34 км арық жүйесін салу нәтижесінде аудандағы барлық су басу қаупі бар аймақтар жойылды, – дейді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, ол Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы жолайырықтың құрылысына тоқталды.

– 2025 жылдың маусымында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы аяқталады. Бұл көлік торабының өткізу қабілеті 20%-ға артып, Жетісу ауданының басқа бөліктермен байланысын айтарлықтай жақсартады, – қала әкімі.

Кездесу барысында Алматы әкім ауданның қоғамдық көлік қызметін жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атады.Өткен жылы қаладағы автобустар саны 1 509-дан 1 740-қа дейін көбейтілді, бұл 11 жаңа маршрут ашуға және 44 қолданыстағы бағытты күшейтуге мүмкіндік берді.

Еске салайық, бұған дейін биыл Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы, Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын қаланың шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар