Алматыдағы теміржол ауруханасын жөндеу жұмыстары неге кешігіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев көп жылдар қараусыз қалған ғимараттың жөндеу жұмыстары неге кестеден кешігіп жатқанын түсіндірді.

Алматыдағы теміржол ауруханасын жөндеу жұмыстары неге кешігіп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қала тұрғыны Ерболат Досаевтан бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары қашан басталатынын сұрады.

– «Жетісу сәулет құрылыс» ЖШС әзірлеген бастапқы жоба сараптамадан өтпеді, сондықтан жұмыстың басталу мерзімі өзгерді. Бүгінгі таңда жаңа жоба әзірленді. Жоба мемлекеттік сараптамадан шыққаннан кейін мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурс өткізіліп, содан кейін тікелей құрылыс-монтажу жұмыстары басталады. Наурыз айындағы бюджетті нақтылауда мәслихаттан қаржыны қолдауды сұраймыз, – деп жауап берді Алматы әкімі.

Айтуынша, нысан сәулет ескерткіші болғандықтан, жоба заманауи материалдардан қасбеттің бастапқы көрінісін қалпына келтіруді қарастырады.

Еске салайық, Ерболат Досаев 2023 жылдың наурыз айында бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратында балаларды оңалтудың қалалық орталығы ашылатынын айтқан болатын. 

Кейін ғимарат аумағы қоршалып, нысан паспорты ілінген болатын. Паспорт бойынша жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы қажет еді. 

Бұрынғы темір жол ауруханасы Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан. Көп жылдар қараусыз қалған ғимараттың бүгінгі жағдайы нашар. Ғимараттың қабырғасы көгеріп, есік-терезесі сынған.