Алматыдағы ЖЭО-2 газға ауысады: жоба уақытында аяқтала ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы ЖЭО-2 2026 жылдың қыркүйегіне дейін газға тегіс ауысады деп жоспарланып отыр.
Алматы экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ЖЭО-1 2017 жылы толықтай газға ауыстырылғанын еске салды. Қазір ЖЭО-2 нысанында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық аяқталған соң ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері жылына 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азаяды.
«Алматинские электрические станции» АҚ-ның құрылыс жобалары департаментінің жобалық кеңсе басшысы Шыңғыс Жүйріков жобаның басты мақсаты — мегаполисті энергия және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкіндігін сақтай отырып, атмосфераға тарайтын зиянды заттарды барынша азайту екенін айтты.
Оның сөзінше, 2023 жылдың мамырында Еуропа қайта құру және даму банкінің алаңында үш қытайлық компаниядан құралған консорциуммен EPC-келісімшарт жасалған. Бұл құжат жобаның барлық кезеңін — жобалау мен жабдық жеткізуден бастап, құрылыс-монтаж жұмыстарына дейін қамтиды.
— Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстары алты учаскеде қатар жүріп жатыр: бір жерде қадалар қағылып жатса, басқа жерде арматура орнату немесе іргетас құю жүргізілуде. Екі турбина мен екі газ генераторы орнатылды, үшінші турбина желтоқсанның соңында жеткізіледі, — деді Жүйріков.
Оның айтуынша, барлық жабдықтың келісімшарты жасалып қойған, олардың 99%-ы жыл соңына дейін келеді.
— Жобаны тапсыру мерзімі — 2026 жылдың қыркүйегі. Әзірше бәрі жоспарға сай, үлгеріп жатырмыз, — деді ол.
Жүйріковтің мәліметінше, сыртқы газ инфрақұрылымы толық тартылған, ал станция аумағында газды дайындау пункті мен қысымды арттыру компрессорының құрастыру жұмыстары аяқталып келеді. Сондай-ақ 15 жылдық газ жеткізу шарты жасалған.
Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысында Алматыдағы ЖЭО-ларды газға ауыстыру қашан аяқталатынын айтқан еді.
Оның сөзінше, Алматы жылу электр орталықтарын (ЖЭО-2 және ЖЭО-3) газға ауыстыру жұмыстары бекітілген кестелерге сәйкес жүріп жатыр.