Алматыдағы жерасты дүмпуі туралы SMS-ті операторлар уақтылы жолдады – министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек еліміздің оңтүстігінде болған жер сілкінісі туралы тұрғындарды уақтылы хабарламау дерегіне қатысты пікір білдірді.

электронды үкімет
Фото: Kazinform

«Олар ескертуді уақытында жіберді. Мәселен, жолданған хабарлама А нүктесінен В нүктесіне жетуі керек. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлама түскен бойда барлығын жіберді. Дегенмен, SMS-хабарламалар телекоммуникация желілерінде баяу жүрген. Біз бұл проблеманы басқа технологияның мүмкіндігі арқылы шешеміз, яғни хабарларды жедел жолдауға жағдай жасалады. Олар бірнеше секунд ішінде әрбір абонентке хабарлауға мүмкіндік береді», - деді А.Оразбек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.


Бұл ретте ол SMS-хабарламалардың проблемасын түсіндірді. Технологияның проблемасы бар, яғни SMS-хабарламаның әр абонетке жетуіне бірнеше сағат кетуі мүмкін, өте баяу келеді.

Сонымен қатар вице-министр алматылықтардың жерасты дүмпуі туралы хабарламаны ұлттық оператордан емес, жаһандық қызметтерден алуы жағдайына қатысты пікір білдірді.

«Өйткені интернетте Google абонентке контентті дәл жеткізуге мүмкіндік беретін өз технологияларын пайдаланады. YouTube-ті қараған кезде, серверлермен жеке байланысыңыз болғандықтан, әркім өз контентін таңдай алады. Ол жерден құрылғыңызға әртүрлі хабарландырулар келіп жатады», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаты Сергей Пономарев жақында Алматыда жерасты дүмпуінің алдында тиісті хабарламаның уақытылы таратылмауы мәселесін көтерді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 23 қаңтарда болған Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыдағы сілкінісі кезінде халықты құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын айтты. 

«Адамдар уақтылы ақпараттандыру мен айқын әрекет болмағандықтан байбаламға бой алдырды. Олар 2, 3-қабаттан секіріп, ойсыз әрекеттерге барды. Бұл құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын, халыққа барынша ерте хабарландырулар таратып, хабарландыру керек болғанын көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.