Алматыдан Прагаға ұшу жеңілдеді: Vietjet жаңа бағыт ашты
АСТАНА. KAZINFORM — 10 қазаннан бастап Vietjet әуе компаниясы Ханой — Алматы — Прага бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастады. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды, ал жолаушылар Алматыдан Прагаға бөлек билет сатып ала алады. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мәлім етті.
Жаңа бағыт Қазақстанның халықаралық көлік байланысын кеңейтіп, Алматының Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік торап ретіндегі әлеуетін нығайтады.
Вьетнам Қазақстанға келу туризмін дамытудағы перспективалы нарықтардың бірі болып табылады.Туристік статистика деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанға Вьетнамның 4,4 мың азаматы келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,8 мың адамға (+30%), ал 2025 жылы 8,1 мың адамға (+41%) жетті. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында көрсеткіш 6,7 мың адамды құрады. Бұл вьетнамдық саяхатшылардың Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Компанияның мәліметінше, Чехия да Қазақстанға келу туризмін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. 2023 жылы Қазақстанға Чехияның 3,3 мың азаматы келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,1 мың адамға (+22%), ал 2025 жылы 4,4 мың адамға (+7%) жетті. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында туристік ағын 3,8 мың адамды құрап, оң динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді.
— Халықаралық әуе қатынасының кеңеюі Қазақстанның көліктік қолжетімділігін арттыруға және халықаралық туристік нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Vietjet әуе компаниясының жаңа бағыты Азия мен Еуропа арасындағы әуе саяхаттарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, келу туризмін, іскерлік байланыстарды және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша алғышарттар қалыптастырады, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Едіге Әділханов.
Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері Airbus A330 әуе кемелерімен орындалады. Алматы Ханой – Прага бағытындағы техникалық аялдама болып табылады. Сонымен қатар, Алматы – Прага бағыты бойынша билетті бөлек сатып алу мүмкіндігі жаңа әуе қатынасын Қазақстан мен Чехия арасындағы саяхаттар үшін пайдалануға жол ашады.
Жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланысын кеңейтуге және шетелдік саяхатшылар үшін еліміздің қолжетімділігін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам болып табылады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Лангкави арасында әуе қатынасы ашылатынын жаздық.