Алматыдан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 592 гуманитарлық көмек жөнелтілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 29 наурыз бен 15 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар үшін 592 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Көмек көрсетуге қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен белсенді жастар қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы еріктілер фронт-кеңсесінің басшысы, «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Анарбаева мәлімдеді.

Алматыдан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 592 гуманитарлық көмек жөнелтілді
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

«Күн сайын еріктілер фронт-офисінің сall-орталығына қала тұрғындарынан 1000-нан астам қоңырау келіп түсті. Гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне күніне 500-ден астам адам келді. Көмек жинау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымы, 200 волонтер және радиоэлектроника және байланыс әскери - инженерлік институтының 100-ден астам курсанттары жұмылдырылды», – дейді Бағдат Анарбаева.

Айтуынша, еріктілердің негізгі бөлігі гуманитарлық көмекті қабылдау, орау және жинақтау жұмыстарына тартылды. Алматыдан Атырау облысы мен Ақтөбе қаласына 50 - ге жуық ерікті барды.

Гуманитарлық көмек жинау пунктінің жұмысына бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлер мен медиа тұлғалар үлкен ақпараттық қолдау көрсетті.

Осы жылдың 29 наурызы мен 15 мамыры аралығында 592 тонна гуманитарлық көмек жиналды (200 тонна азық – түлік, 147 тонна гигиеналық құралдар, 70 тонна киім, қалған 35 тонна-тұрмыстық заттар), олардан жөнелтілгендері:

- Оралға 70 тонна (40-авиарейспен, 30-фурамен);

- Ақтөбе облысына 44 тонна (40-фурамен, 4-авиарейс);

- Атырау облысына 268 тонна (13-авиарейспен, 253-фурамен);

- Қостанай облысына 70 тонна (10-жүк көлігі, 60-фура);

- Петропавлға 140 тонна (65 – жүк көлігі, 35 – «Mitsubishi Delica» маркалы көлікпен және 40-фурамен).

Соңғы жаңалықтар