Алматыға биыл 1,7 миллионнан астам турист келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2024 жылдың тоғыз айында Алматыға 1,7 миллионнан астам турист келді. Бұл туралы мәслихат сессиясы барысында айтылды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айы аралығында Алматыда туристер саны 14,2%-ға артып, 1 729,6 мың адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристер саны 24%-ға өсіп, 507,6 мың адамды құрады, ал ішкі туристер саны 10,6%-ға артып, 1 222 мың адамға жетті.
– Туристік саланың белсенді дамуы инвестициялардың айтарлықтай өсуімен қатар жүрді. 2024 жылдың 10 айында инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа объектілерді құруға және сервис сапасын арттыруға салынған инвестициялар көлемі 86,6 млрд теңге. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 29,3%-ға артық. Туризм саласынан түсетін салық түсімдері 2 есеге артып, 76,9 млрд теңгеге жетті, - деп атап өтті сала мамандары.
Халықаралық туристік көрмелерде Алматы шетелдік туроператорлармен 230 меморандумға қол қойды, бұл алдағы үш жылда 190 мыңнан астам туристің келуін қамтамасыз етеді. Күтілетін экономикалық тиімділік – 285 млн АҚШ доллары.
Негізінен Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия, Германия, АҚШ азаматтары Алматыны көруге ниетті.
Осыған дейін Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова саласындағы проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы айтқан болатын.