Алматыға электрмен жүретін 200 автобус сатып алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыға электрмен жүретін 200 және газбен жүретін 600 автобус сатып алу жоспарда. 2025-2027 жылдарға арналған бюджеттің тиісті жобасы қала Мәслихатының алдағы сессиясында қаралады.

Мәслихаттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қала үшін негізгі бағыттардың бірі көлік инфрақұрылымын дамыту.
— Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қалалық қоғамдық көлікті жаңарту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. 2025 жылға арналған бюджет жобасында газбен жүретін 600 автобус пен 200 электроавтобус сатып алу жоспарланған, — деп хабарлады Мәслихаттан.
Келесі жылы бюджеттен 300 км жолға орташа жөндеу жүргізуге, 30 км тротуарларға, аялдама қалталары мен алаңдарына, сондай-ақ басқа да көлік құрылыстарына 35,8 млрд теңге бөлінбек.
2025 жылы Сейфуллин даңғылы — Жансүгіров көшесінің қиылысында және Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін, Абай даңғылынан қала шекарасына дейінгі жол айрықтарының құрылысын аяқталады.
Осыған дейін Алматыда шалғай аудандардан оқушыларды тасымалдау үшін тағы 100 мектеп автобусы іске қосылатыны туралы жазған едік.