Алматыға қай елдерден туристер жиі келеді

алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік туристі қызықтырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 9 айында туристердің жалпы саны 1,5 млн адамнан асқан (өсім — 17,5%). 

Оның ішінде шетелдік туристер саны 51,5% артып, 410 мың адамға жетті.

Осылайша мегаполис шетелдік туристерді қабылдайтын Қазақстан қалалары арасында көшбасшы болды.

«Туристер ағынының артуы есебінен туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің айтарлықтай өсіміне қол жеткіздік. Мысалы, салық түсімі 64% ұлғайып, 50,2 млрд теңге болды. Жұмыспен қамтылғандар саны 11% немесе 78 551 адамға артты. Инвестиция 47,7% немесе 106,4 млрд теңгеге өсті», — деді Ғалия Тоқсейітова.

Былтыр Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ-тан келген туристер саны 256 мыңнан асқан.

«Алматыға келген туристердің жалпы санының 60%-ы 4 және 5 жұлдызды қонақүйлерде (246 256 адам) тұрады. Бұл шетелдік туристердің әл-ауқатының жоғары екенін көрсетеді», — деді ол.

Сонымен қатар ол шетелдік саяхатшылар негізінен гидтер мен туроператорлардың қызметтерін пайдаланатынын жеткізді.

«Мегаполисте олар Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе, Кафедралдық собор, Орталық мемлекеттік мұражай, Орталық мешіт, 28 гвардияшы-панфиловшы саябағы, Көкбазар, Арбат, Орталық демалыс және мәдениет саябағы, Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ, Баум тоғайы, Хайуанаттар бағы сияқты жерлерді көргісі келеді», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар