Алматыға Азия ойындарының жүлдегерлері оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Азия ойындарында бақ сынаған Ұлттық құрама мүшелерінің алғашқы делегациясы елге оралды.

Алматылықтар мегаполистің халықаралық әуежайында IX қысқы Азия ойындарының чемпионы әрі күміс жүлдегері Шерзод Хаширбаевты, күміс жүлдегер Евгений Кошкин, күміс әрі екі мәрте қола жүлдегер Аяна Жолдас, күміс жүлдегер Асылхан Асан, қола жүлдегер Ардана Маханова және қола жүлдегер Кристина Силаеваны салтанатты түрде қарсы алды.
- Харбинге дайындығымыз Австриядан басталды. Одан әрі Алматыда дайындалып, Америкаға әлем кубогының кезеңіне қатыстық. Сосын бірден осы Азиадаға жол жүрдік. Елдің қолдауын жақсы сезіндім. Бізге Қытайда тау, траплин, ауа райы - бәрі ұнады. Нәтижесі бір алтын және бір күміс. Енді алда әлем кубогының этаптары бар. Олар Алматыда, Қытайда және Италияда өтеді. Бұл жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, - деді фристайл-акробатикадан Азия ойындарының чемпионы Шерзод Хаширбаев.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық спортшылардың Азия ойындарындағы бүгінгі нәтижесі туралы жазғанбыз.