Алматыға кіреберіс жолдарда жүк көліктерінің салмағы автоматты түрде өлшенетін болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ірі жүк көліктерін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында салмақтық және габариттік бақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, осыған байланысты бірқатар жол учаскесінде көлік қозғалысына ішінара шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, 19 қазан мен 19 қараша аралығында Құлжа тасжолының қала шекарасынан Бұқтырма көшесіне қарай созылатын 200 метрлік учаскесінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
Сонымен қатар осы кезеңде Іле тасжолының қала шекарасынан Сүйінбай даңғылына қарай бағытталған 200 метрлік бөлігінде де реверсивті қозғалыс енгізіледі.
- Жол қозғалысына қатысушылардан уақытша орнатылған жол белгілерінің талаптарын сақтауды, белгіленген жылдамдық режимін ұстануды және жүру бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына және технологиялық процеске әсер ететін өзге де факторларға байланысты өзгеруі мүмкін, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, биыл шілде айынан бастап сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Саин көшесі – әл-Фараби даңғылы – Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) – Рысқұлов даңғылы аралығында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.