Алматылық Ауған соғысы ардагерлеріне 100 мың теңгеден беріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай алматылық Ауған соғысы ардагерлеріне 100 мың теңге көлемінде бір реттік төлемақы беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров айтты. 

төлем
Фото: Kazinform

«Алматыда бүгінгі күні Ауған соғысының 2 389 ардагері тұрады, оның 1 100-і мүгедек екенін айта кетейік. Алматы әкімдігі ауған ардагерлерін қолдау көрсетіп келеді. Биыл 15 ақпан мен 9 мамыр күндері ардагерлер 100 мың теңгеден алады. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері медициналық көрсеткіштер бойынша санаторийлік-курорттық емдеуден өте алады. Бүгінгі күні квота жылына 170 жолдамаға дейін өскен», - деді спикер.

Еске салсақ, биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Осыған орай Алматыда 15 ақпан күні сағат 11:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Мәңгілік алау мен Ауғанстанда қаза тапқан алматылықтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. 

Соңғы жаңалықтар