Алматылық дәрігерлер денесінің 70 пайызын күйік шалған ер адамды аман алып қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылық дәрігерлер денесінің 70 пайызын күйік шалған 34 жастағы ер адамды өлімнен аман алып қалды.

Денсаулық сақтау басқармасы
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Осыдан 2 ай бұрын Шухраттың жұмыс орнында жазатайым жағдай болды. Дизель отынының багы жарылып, ол тірідей өртеніп кете жаздаған.

Ер адам бірден жақын маңдағы Ұйғыр ауданындағы ауруханаға жатқызылды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін науқас жедел жәрдем бригадасының сүйемелдеуімен Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

«Реанимация бөлімінде терапевт, нейрохирург, хирург, реаниматолог, травматолог мамандарымен көпбейінді тексеру жүргіздік. Термиялық зақымдану аймағының тереңдігі мен кеңдігі, ауырсыну синдромының 8 балл болуы, күйік ауруы салдарынан науқастың жалпы жағдайы ауыр деп бағаланды. Оған денедегі 70-79% термиялық күйік, күйік токсемиясы сатысындағы күйік ауруы, жоғарғы тыныс жолдарының күйігі диагнозы қойылды. Науқас жансақтау бөліміне 9 күн жатты»,- дейді Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Екі ай бойы төртінші аурухананың ұжымы ер адамның өмірі үшін күресті. Емдеу күн сайын дерлік аурухананың реаниматолог, терапевт, кардиолог, клиникалық фармаколог және эндокринолог бар дәрігерлер тобының қатысуымен түзетілді. Хирург дәрігерлер науқасқа тері трансплантациясы бойынша екі ота жасады.

«Аутодермотрансплантат толық орнықты. Донорлық аймақта қабыну белгілері жоқ. Науқас қазірдің өзінде өзі жүреді және одан әрі амбулаторлық ем алу үшін қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылып жатыр», - деп түйіндеді бөлім меңгерушісі Елдос Әлменов.