Алматылық дәрігерлер салмағы небәрі 37 келі науқасты аман алып қалды

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері Крон ауруына шалдыққан 50 жастағы науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды Kazinform.

ота
Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

Алматы облысының тұрғыны Алма Нұркенованың айтуынша, ішектен қан кетіп, ауырғанына екі жыл болған. Дәрігерлер дерттің себебін анықтай алмағандықтан, халі күнен- күнге нашарлап салмағы 37 келіге дейін түскен.

Науқасқа «Крон ауруы мен ойық жаралы колит» диагнозын Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері қойды.

«Бізге ауыр жағдайда түскен 50 жастағы науқасқа медициналық тексерулер жүргізіліп, оған стеноз түрінде аурудың асқынған (ішектің тарылуы) Крон ауруы диагнозы қойылды. №1 терапия бөлімшесінде бірнеше рет стационарлық ем қабылдады. Емдеуден кейін пациентте аурудың тұрақты ремиссиясы байқалады. Ол сондай-ақ эндоскопиялық бөлімшеде емделді, оған бірнеше рет тоқ ішектің баллондық дилатациясы жасалды», - деп атап өтті эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Хабижанова.

Дәрігердің сөзінше, Крон ауруы мен ойық жаралы колит жазылмайтын ауруларға жатады.
«Соған қарамастан, оларды уақтылы дұрыс диагностикалау және емдеу арқылы аурудың ауыр түріне өтуіне жол бермей, тұрақты ремиссияға қол жеткізуге болады. Осының арқасында ішектің қабыну ауруларына шалдыққан адамдар толыққанды өмір сүріп, еңбекке қабілеттілігін сақтай алады», - дейді дәрігер.

Алма Нұркенова алдағы уақытта үшінші рет баллондық дилатациясын жасатады (жабысып қалған ішектерді ашып, кеңейту процедурасы).

«Өмірімді сақтап қалған кәсіби шеберлігі жоғары, білікті мамандарға алғысым шексіз. Қазір денсаулығым жақсы, тіпті салмақ қостым», - дейді ол.