Алматылық дәрігерлер соғыс ардагерлерін медициналық тексеруден өткізіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық дәрігерлер соғыс ардагерлерінің үйін аралап, медициналық тексеруден өткізіп жатыр. Бұл іс-шара 15 мамырға дейін жалғасады.

ҰОС ардагері
Фото: Алматыдағы 7 емхана

Мегаполистегі әр емхана өз учаскесінде тіркеуде тұрған ардагерлердің үйіне дәрігерлерді жіберіп, кешенді медициналық тексеруден өткізіп жатыр.

№ 7 емхананың медицина қызметкерлері, атап айтқанда невропотолог, кардиолог, терапевт, учаскелік мейірбеке, психолог 98 жастағы соғыс ардагері Анатолий Поповтың үйіне барып, кешенді тексеру жүргізді.

Кардиолог дәрігердің сөзінше, ардагердің денсаулығы бір қалыпты.

ардагер
Фото: Алматыдағы 36 емхана

«Ардагер атамыздың денсаулығында айтарлықтай ауытқу жоқ. Өзінің жасына сай өзгерістер бар. Күнделікті ішетін дәрілеріне корекция жасап, қосымша препараттар ұсындық. Ол кісіге жылына 2-3 рет келіп профилактикалық түрде тексеріп тұрамыз. Соңғы тексеру мен қазіргі тексеруді алатын болсақ, денсаулығында қатты бір өзгеріс жоқ»,- деді Алматы қаласындағы №7 емхананың кардиолог дәрігері Думан Нұғманов.

Сондай-ақ дәрігерлер алматылық ардагерге мамандандырылған ауруханаларда емделуге, оңалтуға, компьютерлік томография, МРТ, ультрадыбыстық зерттеуге жолдама берді.

соғыс ардагері
Фото: Алматыдағы 36 емхана

№36 қалалық емхананың да мамандандырылған дәрігерлері үй жағдайында соғыс ардагерлерінің қан қысымын, қандағы қант деңгейін өлшеп, түрлі зерттеу жүргізді.

Айтуларынша, бұл маңызды шара пациенттердің денсаулығына қатысты проблемаларды анықтауға және кейінгі асқынудың алдын алуға бағытталған.

соғыс ардагері
Фото: Алматыдағы 36 емхана

Акция аясында емхананың әлеуметтік қызметкерлері ардагерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл іс-шара 15 мамырға дейін жалғасады.

Қазіргі уақытта Алматыда 43 соғыс ардагері мен оларға теңестірілген азамат тұрады.

соғыс ардагері
Фото: Алматыдағы 36 емхана

Айта кетейік, Жеңістің 79 жылдығына орай ардагерлерге 2 млн теңгеден беріледі.

Төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Алматы қаласының аудандық әкімдіктері екінші деңгейлі банктердегі шоттарына өтініштерді талап етпей, тізімге сәйкес беріледі.

Соңғы жаңалықтар