Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 23 наурыз күні Алматыдағы перзентханалардың бірінде 34 аптада сирек кездесетін туа біткен патологиямен ұл бала дүниеге келді. Сәбидің мойнында үлкен кистозды лимфангиомасы болды. Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі ісіктің асқынуына әкелді.

Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, нәрестенің салмағы 3844 г, бойы 46 см болып туды. Баланы емхананың неонатологиялық бригадасы кесар тілігінен кейін бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосып, Алматы қаласының Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді.
– Бала өте ауыр жағдайда келіп түсті. Өмір сүру көрсеткіштері бақылауға алынды.
Ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша, құрсақішілік кезеңде өлшемі 12 см-ге жуық түзіліс бар деген диагноз қойылған. Ол дегеніміз босану кезіндегі ерекше акушерлік және хирургиялық тәсілді қажет етеді деген сөз,– деп хабарлады басқармадан.
Сәбиді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер жансақтау бөліміне жатқызып, ота жасауға дайындады.
26 наурызда операция сәтті өтті.
Ведомстовадан атап өткендей, кішкентай науқас операциядан кейін үш апта бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болды. Кейін қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Операциядан кейін тігістер жазылып, уақыт өте келе мүлдем көрінбейтін болады.
Осыған дейін, Алматыда Швециядан келген дәрігер 7 қазақстандыққа тегін операция жасағаны туралы жазғанбыз.