Алматылық ғалымдар Атырау облысының туристік әлеуетін зерттеуге кірісті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдар тобы Атырау облысының туристік әлеуетін зерттеуді қолға алды.

ҚазҰУ рекреациялық география және туризм кафедрасының зертхана меңгерушісі Александр Артемьевтің айтуынша, ғалымдар тобы сапарының бірнеше мақсаты бар.
«Біріншіден, Қазақстанның батыс өңіріндегі туристік әлеуетіне зерделеу жүргізуді көздедік. Екіншіден, Атырау облысындағы туристік маршруттар мен рекреациялық аумақтарына талдау жасаймыз», - дейді Александр Артемьев.

Алматылық ғалымдар тобы алдымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барды. Бұл – ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне кіретін табиғи қорық. Жақында туристерді қабылдауды бастады. Мұнда саяхаттың екі түрі ұсынылады. Оның бірі – қайықпен серуендеу, екінші бағыты – жаяу жүргінші маршруты. Табиғи қорық аумағы 110 мың 500 гектарды құрайды.

«Біздің университет өткен жылы еліміздің батыс өңіріндегі туристік әлеуетті зерттеуге грант ұтып алған еді. Соған сәйкес жұмысс тобының құрамына ғалымдар, зерттеушілер, гидрогеологтер, туристер мен экономистер, басқа да сарапшы мамандар кірді. Қазір батыс өңірдегі туризмді тұрақты дамытудың мүмкіндіктерін зерттеуге кірістік. Бұған дейін Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы туристік бағыттардан талдау жүргіздік. Ал, Атырау облысындағы лотос алқабын, Сарайшықтың көне қонысын, Ақкегершін үстіртін мен мұнайлы шаһардың көрікті жерлеріне назар аударамыз. Мақсатымыз – Атырау облысының әкімдігі және туризм саласының мамандарымен бірге өңірдің әлеуеті және туристік маршруттары бойынша ғылыми-зерттеу базасын құруға үлес қосу», - дейді Александр Артемьев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына үш айда 32 мыңнан астам турист келгенін жазған едік.