Алматылық LRT астаналық жобадан несімен ерекшеленеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің құрылысына байланысты жаңа мәліметтер жарияланды.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, жақында елордада іске қосылған LRT-дан алматылық жобаның басты айырмашылығы - рельстер тікелей жер үстіне салынады.
- Бастапқы жоба бойынша да желі жер үстімен өтуі тиіс. Өйткені Төле би көшесінде бұрынғы трамвайдың дайын дәлізі бар. Егер трамвай қозғалысы тоқтағаннан кейін олар бұзылғанда көлік жолағын қоғамдық көлікке қайта алу қиын болар еді. Жүргізушілер өздеріне тиесілі жолақты тартып алғанды ұнатпайды, бірақ қазір ондай мәселе жоқ. Сондай-ақ эстакадалық инфрақұрылымға қарағанда жер үстіне рельс салу әлдеқайда арзанға түседі, — деді Ержан Диханбаев.
Бұрын Алматыда трамвайға арналған арнайы жолақ Төле би көшесінде ішінара ғана болған, жолдың басым бөлігінде трамвай мен көліктер бірге жүруге мәжбүр еді. Ведомство басшысы LRT жағдайында мұндай олқылықтарға жол берілмейтінін айтты.
- Бұл мәселе жан-жақты пысықталып жатыр. Егер LRT-ны іске қоссақ, Төле би көшесіндегі автобус жолағының қажеті болмайды. Оны жеңіл көліктердің игілігіне береміз — деді ол.
LRT желісі жоба бойынша Абылай хан даңғылы арқылы өтеді. Ержан Диханбаев троллейбустар мен LRT бірге кедергісіз қозғалуы үшін аталған даңғылда біржақты қозғалыс ұйымдастыру жоспарда екенін атап өтті.
Еске салайық, биыл Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.
Қазір LRT құрылысына дайындық аясында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып жатыр.